ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасары Ө. Шөкеевке Кеден одағын құру жөніндегі келіссөздер жүргізетін топты басқаруды жүктеді

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке Қазақстан, Ресей және Беларус арасындағы біртұтас Кеден одағын құру жөніндегі келіссөздер жүргізетін қазақстандық топты басқаруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекет басшысы біздің алдымызға біртұтас Кеден одағын құру жөніндегі келіссөздер үдерісін шапшаңдату міндетін қойды. Осы орайда, Өмірзақ Естайұлы, сізге келіссөздер жүргізетін топты басқаруды тапсырамын», деді Үкімет басшысы бірінші орынбасары Ө. Шөкеевке қаратып айтқан сөзінде. «Желтоқсан айында Ресей Премьер-Министрімен болған кездесуде есірткі тасымалы Кеден одағын құруды тежеп отырған мәселенінің бірі болып табылатыны айтылды. Ресей тарапының көзқарасынша, Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын ауған есірткісі Кеден одағын құруға кедергі жасап отыр», деп толықтырды сөзін Премьер-Министр. Осы орайда өткен жылдың желтоқсан айында 3 ведомствоға тиісті тапсырмалар бергеніне тоқталған К. Мәсімов, бүгінгі отырыста Қазақстан аумағы арқылы өтетін есірткі тасымалы мәселесі қаралатынын, қандай ведомство нендей мәселелерге жауапты екені сөз болатынын атап көрсетті.