ҚР Премьер-Министрі Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша бірқатар тапсырмалар берді

АНА. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Үкімет үйінде өткен Министрлер кабинетінің отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Елбасының Жолдауында жүктелген міндеттер бойынша министрліктер мен ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, К.Мәсімов мал шаруашылығын дамыту жобасы бойынша тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырып, осы мәселені Үкіметтің отырысында арнайы қарау қажеттігін жеткізді. «Келесі аптада экономиканы модернизациялау бойынша отырыс өткізуді тапсырамын. Сол кезде осы мәселені бекітіп, қарайтын боламыз», - деді К.Мәсімов. Бұл тапсырманы ол өзінің орынбасары Ө.Шөкеевке тапсырды.

Бұдан басқа Премьер-Министр энергия тиімділігін арттырудың кешенді жоспарын, индустриялық-инновациялық даму аясында аймақтарды дамыту бағдарламасын, халықты ауызсумен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын, кәсіби техникалық мамандарды даярлау жөніндегі ұлттық кеңестің құрамы мен жұмыс жоспарын, 400 орта білім беру ошақтарын салудың болжамын, көліктік медицинаны дамыту жоспарын, халықты жұмыспен қамтудың жаңа 2020 бағдарламасын, микронесиелендіру жүйесінің қолжетімділігін арттыру механизмін, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылықты дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын даярлауды тездетуді тапсырды. Сондай-ақ Үкімет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін жан-жақты түсіндіру және Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту бойынша тиісті ұсыныстарды енгізуді тапсырды.