ҚР Премьер-Министрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша бірнеше тапсырма берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет отырысын өткізді, онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерінің кең ауқымы талқыланды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 26-шы және 27-ші пленарлық отырыстарында жарияланған Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Ағымдағы жылдың 5 айында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және мақсатты индикаторларға жету туралы есепті экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев; көрсетілген мерзімге мемлекеттік бюджетті орындау туралы қаржы министрінің орынбасары Р.Даленов баяндады. Вице-министр хабарлағандай, «бюджеттердің барлық деңгейлерінің табыстары бойынша жоспарлар орындалды». «Мемлекеттік бюджет кірістері 104,5% немесе 3,088 трлн. теңгені құрады, республикалық бюджет кірістері 2,2%-ға асыра орындалып, 2,5 трлн. теңгені құрады. 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет шығындары 3,040 трлн. теңгеге жетті, және өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19%-ға артты», - деп толықтырды Р.Даленов. Отырыста сондай-ақ Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев таныстырған Астана қаласының қала маңы аймағын дамыту Кешенді жоспары мақұлданды. Сонымен бірге, Көлік және коммуникация министрі Ж.Қасымбек Үкімет мүшелеріне азаматтық авиацияны дамыту перспективалары туралы айтты. ККМ басшысы атап өткендей, «әуе тасымалдау нарығының жыл сайынғы өсуі 10% деңгейінде сақталуда, 2013 жылдың қорытындысы бойынша отандық әуе компаниялары тасымалдаған жолаушылар саны 5 млн. адамды құрады». Ж.Қасымбек салалық заңнамалық базаны жетілдіру, жаңа әуе компаниясын құру, жердегі авиациялық инфрақұрылымды дамыту, кадрлар даярлау бойынша ККМ жоспарлары туралы хабардар етті. Отырыста сондай-ақ кедендік әкімшілікті жетілдіру шаралары туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Б.Сұлтанов, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков хабарлады. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.