ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімов Иран Ислам Республикасының Президенті М. Ахмединежадпен кездесті

АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жүздесу барысында екі мемлекеттің қарым-қатынасын тереңдете түсуге бағытталған шаралар мәселесі жайында сөз болып, қазіргі әлемдік жағдайға да назар аударылды. «Кеше Қазақстан Президентімен Сіздің кездесуіңізден кейін, мен Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар тапсырмалар алдым. Қазақстан мен Иран байланысын тереңдетуге бағытталған шараларға әрі Сіз көтерген мәселелер бойынша терең талқылаулар жүргізілетін болады деп ойлаймын. Оның ішінде біз Түрікменстан-Иран арқылы өтетін автомагистраль құрылысына, Каспий теңізі бойынша жүзеге асатын су арқылы байланыстарға, астық тасымалдау шараларына баса мән беретін боламыз. Сіз кеше Қазақстаннан Иранға қарай астық тасымалдау мәселесін көтеріп, осы салада тікелей жеткізу жүзеге асырылмайтынын, ортада делдалдар жеткілікті екендігін айтып өттіңіз. Осы жайды зерттеп, астықты тікелей жеткізу мәселесін де қолға алуға ұмтыламыз», - деді К. Мәсімов. Сонымен бірге, Премьер-Министр ҚР Президенті Н. Назарбаевпен кездесуі барысында мәртебелі мейманның Каспий теңізі бойынша бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау туралы бастамасына қолдау білдіре келе, бұл мәселемен тиісті министрліктер айналысатынын жеткізді. «Мен дәл осы мораторий жөнінде Каспий бойынша шектесетін мемлекеттердегі өз әріптестерім В. Путинмен, И. Әлиевпен сөйлескен едім. Олар осы шараны қолдайды деген үмітім бар. Түрікменстан жағы мәселені әлі де зерттей түсуге ынталы болып отыр», - деді К. Мәсімов. Сонымен бірге, әңгіме барысында Иран банкінің Қазақстанда ашылуына қатысты жайттар да қозғалды. Өз кезегінде елімізге жасаған сапарына көңілі толатынын жеткізген М. Ахмадинежад, Қазақстанның әлемдік жағдай бойынша ұстанымын жоғары бағалайтынын, көптеген мәселелерде екі мемлекеттің бір көзқараста болатынын атап өтті. «Бауырлас әрі дос екі елдің шыққан түбі бір мәдениетке ұласатыны анық. Әлемдегі кейінгі өзгерістерде де бір көзқарас ұстанып отырмыз. Сондықтан да Қазақстан мен Иран бүгінгі дағдарысқа, халықаралық жүйенің өзгеруінен туындайтын теріс салдарға қарамастан-ақ байланысымызды жан-жақты дамытуға тиіспіз», - деді Иран Президенті.