ҚР Премьер-Министрі К. Мәсімов Санкт-Петербугта өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті мәжілісіне қатысады

АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мамырдың 21 күні Санкт-Петербургта өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күн тәртібіне 19 мәселе еніп отыр. Оның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары, 2012 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық радионавигациялық бағдарлама, ТМД-ның 20 жылдығына арналған мәселелер және өзге де дүниелер бар, деді А. Әбдірахманов.

Оның айтуынша, мәжіліс барысында бірқатар құжаттарға қол қойылу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтерді жылжыту үшін мемлекетаралық ақпараттық-маркетингтік орталықтар желісін құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ Ортақ электроэнергетикалық нарықты қалыптастыру кезеңдері туралы хаттамаға және бірқатар өзге де халықаралық келісімшарттарға қол қойылады деп күтілуде.

Сондай-ақ аталмыш іс-шара аясында ҚР Премьер-Министрі бірқатар екі жақты кездесулер өткізеді деп жоспарланып отыр.