ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов тікелей желіде қазақстандық-американдық инвестициялық форумға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді

АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат. Нью-Йоркта Қазақстанның 2010-2014 жылдарға Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына арналған жыл сайынғы 3-інші қазақстандық-американдық инвестициялық форум өз жұмысын аяқтады.

Екі күн ішінде іс-шараға АҚШ-тың мемлекеттік, корпоративтік, сараптамалық және медиялық қауымдастықтарының 200-ден астам өкілі қатысты.

Пікірталастарды форум аудиториясына арналған бейнежолдауымен ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастап берді. Өз баяндамасында Кәрім Мәсімов Қазақстанның жаһандық қаржы дағдарысын тиімді еңсеруінің және Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының табысты жүзеге асырылуы жағдайына нақты дәлелдер келтірді. Форумға қатысқан американдық сарапшылар біздің елдің ҚР инновациялық дамуының кепілі ретінде білім беру саласын таңдауы арқылы осы инновациялық бағыттың табысты жүзеге асырылып жатқанына жоғары баға берді. Форумға қатысушылар Қазақстан Үкіметі басшысына тікелей желіде сұрақтар қоюға мүмкіндігін де аса жоғары бағалады.