ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ханзада Майкл Кентский бастаған Ұлыбританияның делегациясымен кездесті

күйектің 23-і. ҚазАқпарат. Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер - Министрі Кәрім Мәсімов ханзада Майкл Кентский бастаған Ұлыбританияның делегациясымен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, Премьер - Министр ханзаданың назарын Астана қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен жүзеге асып жатқан жаңа университетті құру жобасына аударды.

К.Мәсімов жобаға Ұлыбританияның қатысуы жоғары білікті мамандар даярлау, сондай - ақ, ғылыми - зерттеу орталықтары мен ғылыми қор құру көзделіп отырған  университет үшін айырықша мәртебе болатынын атап өтті.

Ханзада Қазақстан мен Ұлыбританияда білім алып жатқан студенттерге тиісті шәкіртақы тағайындау мәселесі бойынша Лондон Бизнес және экономика мектебінің, сондай - ақ, Оксфорд университетінің қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.