ҚР Премьер-Министрі: Медициналық техника белсенді пайдаланылуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев медициналық техникалардың тиімді пайдаланылуына бақылауды жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде медициналық техникалар алу шаралары әртараптандырылған, бірыңғай техника алынбайды, сондай-ақ оларға сервистік қызмет көрсетілмейді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бағытын бүгін тыңдадық. Бұл ретте атқарылған жұмыстар жобасы дұрыс. Министрлік тарапы «Атамекен» ҰКП-мен және жергілікті жерлердегі әкімдіктермен біріге отырып, бұл жұмысты жалғастыруы қажет. Бірінші кезекте ұтымды жоспарлаудың маңыздылығын қарау шарт, сондай-ақ қажетті деген негізгі медициналық техникаларға назар аударған жөн», - деп тапсырды Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев сатып алынған жаңа техниканың белсенді пайдаланылуын бақылау қажеттігін қадап айтты.

Бұдан бұрын Қазақстанда медициналық техниканы тиімді пайдаланбау фактілері тергеліп жатқандығы айтылған болатын.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік медициналық техниканы пайдалану тиімділігін талдау мақсатында 2012-2016 жылдар аралығында сатып алынған техникаға кезең-кезеңмен тексеру жүргізді. Соның ішінде құны 5 млн теңгеден жоғары медициналық техникаға аудит жасалды. Аудит қорытындылары бойынша заңбұзушылықтар анықталды», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Осы орайда сатып алынатын медициналық техника құнының ұлғаюы, медициналық жабдықтың жұмыс істемей тұрып қалуы, медициналық техникаға 3 жыл міндетті сервистік қызмет көрсетілмеуі және басқа да кемшіліктер болған.