ҚР Премьер-Министрі мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстарын оңтайландыруды жүктеді
16:13, 14 Маусым 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстары мерзімін оңтайландыруды тапсырды.
«Қосымша 150 мың тонна мұнайды өңдеу үшін мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы жөндеу мерзімін оңтайландыру тұрғысында тиісті жұмыстарды жүргізу керек», - деді Үкімет басшысы ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаевқа қаратып айтқан сөзінде.
Сонымен қатар К. Мәсімов облыс әкімдерімен, көмір өндіруші компаниялармен тиісті жұмыстар жүгізілуі керектігін атап өтті.
«Жыл соңына дейін энергиялық нысандарда нормативті отын қорын құру бойынша қадағалауды күшейту үшін сіздерге облыс әкімдерімен, көмір компанияларымен тиісті шараларды іске асыру қажет»,-деді Премьер-Министр.