Мұндай міндетті Премьер-Министр Үкіметте бүгін өткен селекторлық кеңесте жүктеді.
«Мен әріптестеріммен тиісті әңгіме жүргіздім. Ағаштарды кесу үшін көбіне орманды қасақана өртейді. Осының айналасында өзіндік бизнес бар көрінеді. Сондықтан бұл мәселе айрықша бақылуда болуы шарт», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Өрт қауіпсіздігіне байланысты әр облыста облыстық штабтар құру керектігіне тоқталған К.Мәсімов, «сондай-ақ республикалық штаб құрамыз. Оның базасы ретінде Төтенше жағдайлар министрлігі бекітіледі», - деді.
Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, штаб жұмысын үйлестіру Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке тапсырылады.
«Өртке қарсы қауіпсіздік мәселесі алдағы бірнеше аптада бірінші кезекте тұрған шаралардың бірі болады. Сондықтан, облыс әкімдері, министрліктер, ұлттық компаниялар, тиісті шаруашылықтар бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек. Атап айтқанда, Ресейде жинақталып жатқан тәжірибені тыңғылықты зерделеу қажет», - деді К.Мәсімов.