және Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ына «Халықтық IPO» бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Бұл туралы ҚР Үкіметі басшысының ресми сайтында хабарланды.
«Кеше, 5 желтоқсанда, осыдан тура бір ай бұрын басталған тапсырыс жинау аяқталды. «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын орналастырудың қорытындылары оның әжептәуір табыспен өткенін айғақтайды. Ел-жұрттан және ЗЖҚ-нан жиналған тапсырыстардың жалпы көлемі 56 млрд. теңгені құрайды, ал орналастырудың ең жоғары мөлшері 28 млрд. теңге болады деп күтілген болатын. Яғни, сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті», - деп хабарлады «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Өмірзақ Шөкеев.
Оның айтуынша, зейнетақы қорлары мен маркет-мейкерлер 37,3 млрд. теңгеге тапсырыс берген, жеке тұлғалардан 25 мыңнан астам тапсырыс түскен. «Бүгін тапсырыстардың қалған бөлігі өңделуде. Біз жеке тұлғалардан 18,6 млрд. теңгенің 30 мыңнан астам тапсырыстары болады деп ойлаймыз», - деп қосты Ө.Шөкеев.
Қор басшысы бағдарламаның мақсаты еліміздің барлық азаматтарына жұмыс тәжірибесі мен тұрғылықты жеріне қарамастан теңдей мүмкіндік беруді қарастыру екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша Үкіметке берген тапсырмасы табысты жүзеге асырылды деуге болады. Біз ел азаматтарының, жинақтаушы зейнетақы қорларының асқан қызығушылық танытқанын көріп отырмыз, сондықтан біз өз кезегімізде осы бағдарламаны одан әрі тиімді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп түйіндеді ол.
Өз кезегінде, С.Ахметов «Халықтық IPO» бағдарламасының табысты басталуы халықтың ұлттық компанияларға, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на, жалпы өкіметке, Үкіметке және Елбасының жолдауларына сенетініне дәлел екенін атап айтты.
Үкімет басшысы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на бағдарламаны жетілдіру жөніндегі құжаттар жинағын әзірлеуді және «Халықтық IPO» бағдарламасының келесі кезеңін жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын жандандыруды тапсырды.