ҚР Премьер-Министрі Талдықорған облыстық наркодиспансеріндегі өрт бойынша істің тергелуі барысын ерекше бақылауға алды

АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің арнайы өкімімен құрылған үкіметтік комиссия наркологиялық диспансерде болған өрттің мән-жайын жергілікті орында зерттеу және қажетті шаралар қабылдау үшін Талдықорған қаласына (Алматы облысының әкімшілік орталығы) ұшып шықты,

деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.  

Үкіметтік комиссияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов басқаруда. Комиссия құрамында - ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов, ҚР ІІМ Тергеу комитетінің төрағасы Мұхаран Әміров, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бисақаев, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, өкілетті органдар өкілдері бар.  

Үкіметтік комиссия қайғылы оқиға орнында болды және өрттің себебін тексеру және зардаптарын жою жұмыстарының барысымен танысты. Бұдан кейін комиссия мүшелері ауруханада жатқан зардап шегушілерде болды, оның барысында оларға көмек көрсету мәселелері шешілді.

Үкіметтік комиссия мүшелері ҚР Премьер-Министрінің тапсыруымен қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. С.Ахметов пен С.Үмбетов қазаға ұшыраған диспансер қызметкерлері Сәрсенбаева мен Вагапованың үйлерінде болып, олардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Түстен кейін Алматы облысы әкімі аппаратының  ғимаратында үкіметтік комиссияның отырысы өтті, онда өрттің себебін тексеру барысы туралы өкілетті органдардың баяндамалары тыңдалды және қаза болғандардың отбасыларына қажетті материалдық көмек көрсету мәселесі қаралды.

Тергеу барысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ерекше бақылауға алды.