ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарымен Қазан қаласына барды
ТМД үкіметтері басшыларының кеңесінде инновациялар саласындағы ынтымақтастық, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бейбіт мақсаттарда атом энергиясын пайдалану, контрафактілік өнімдерді шығару мен таратуға қарсы іс-қимыл, зияткерлік меншікті қорғау мәселелері қаралады.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес жұмысы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары, ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы шығарып тастау мен шектеулерді жоюға байланысты шаралар жоспары, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі және т. б. мәселелер талқыланды.
ҚР Премьер-Министрі Қазанға келгеннен кейін бірқатар инновациялық нысандарды аралады, олардың қатарында ІТ-парк және Иннополис жоғары технологиялар қаласы бар. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев қазандық инноваторлардың жаңа ғылыми әзірлемелерімен танысты.
Бақытжан Сағынтаев ІТ-паркті аралау барысында бизнес-инкубатор жұмысымен және «Глонасс+112» мониторинг орталығының жұмысымен танысты, сонымен қатар оған стартап жобалардың презентациясы ұсынылды. Осыдан кейін ҚР Премьер-Министрі ерекше экономикалық аймақтың және «Иннополис» жоғары технологиялар қаласы университетінің қызметімен танысты.
Анықтама:
Татарстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс министрлігі 30 мың шаршы метр аумақта орналасқан Қазан қаласының ІТ-паркінің негізін 2009 жылы қалаған. Мұнда 40 стартап жобаны ұсынатын 143 резидент бар.
«Иннополис» ЕЭА жалпы ауданы 311,43 га-ны құрайтын екі алаңда орналасқан. Оның біреуінде инновациялық компаниялардың кеңселері мен ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық ғимараттар орналасқан. Екіншісі резидент компаниялардың өндірістік қызметіне арналған.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарымен АҚШ-қа барып, ірі ІТ-компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, жетекші инновациялық ұйымдардың кеңселерін аралаған болатын.