ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордаға келді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңіріне сапарында бірқатар мекеме жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен жүздеседі деп жоспарланған. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан іс-шаралаар барысымен танысады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қызылордаға жасаған сапарында алдымен «Бәйтерек» шағын ауданындағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған «Баламекен» жобасы негізінде салынатын тұрғын үйлер құрылысымен танысады. Айта кетерлігі, аталмыш аумақта аз қамтылған және көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен қайырымдылық қорының көмегі арқасында тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Одан кейін Жаппасбай батыр көшесінде аз қамтылған және көпбалалы отбасымен жүздеседі.

Бұдан соң Гүлшара Әбдіқалықова «Достық үйінде» жергілікті тұрғындармен кездеседі.

Келесі кезекте түйіршіктелген құрама жем шығарумен айналысатын «Жан-Арай» ЖШС жұмысымен танысады деп жоспарланып отыр. Аталмыш мекеме ғимаратында қала, аудан әкімдері, өндіріс орындары, бизнес құрылымдары, кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кездеседі деп күтілуде.

Бұдан кейін «Ақмешіт» колледжінде Гүлшара Әбдіқалықова Білім және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасын Қызылорда облысында жүзеге асыру тақырыбы бойынша сала мамандарымен жиналыс өткізеді. Келесі кезекте Қызылорда қалалық еңбекпен қамту орталығында болып, жұмыссыз және тұрмысы төмен азаматтардан құжаттар қабылдау қызметі барысымен танысады. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында азаматтарды қабылдайды.