ҚР Премьері Моңғолиядағы қазақтарға көмек беру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Үкімет отырысында Моңғолиядағы қазақтарға Қазақстан тарапынан көмек беру бойынша бірқатар министрліктерге тапсырмалар жүктеді.

«Мен өткен аптада Елбасы тапсырмасы бойынша, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында болдым. Онда қазақ диаспорасының өкілдерімен кездестім, жергілікті халық қазақстандық делегацияны өте жылы қарсы алды. Олар гуманитарлық көмек көрсеткен Елбасымызға алғыстарын айтты. Сондай-ақ аймақ басшылығымен, Өлгей қаласының мәдениет, өнер өкілдерімен болған кездесулерге бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Екі ел халықтарының арасындағы мәдени және іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында бірлескен жобаларды іске асыру жолдарын қарадық», - деп бастады сөзін Үкімет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, келіссөздер барысында қазақ диаспорасының ең қажетті деген мәселелері анықталып отыр.

«Соған байланысты, мен бүгін орталық мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беремін. Бірінші, Қазақстан-Моңғолия мәдени-гуманитарлық қорын құру туралы және «Алтай - біздің ортақ үйіміз» экономикалық және мәдени-гуманитарлық жобасын құру туралы ұсыныс жан-жақты қаралсын. Екінші, Баян Өлгейде мұражай мен театр сахнасын жөндеуге қаржылай көмек көрсету мәселесі зерттелсін. Бұл мәселелерді Мәдениет және спорт министрлігі бақылауға алсын», - деді К.Мәсімов.

Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі, Инвестицялар және даму министрлігіне Баян Өлгей-Алматы, Баян Өлгей-Өскемен арасында әуе қатынасын ашу туралы мәселені зерттеуді тапсырды.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Моңғолия тарапымен Семей ет комбинатына ет тасымалдау және мал өнімдерінің кластерін құру шараларын қарастырсын. Сыртқы істер министрлігі Баян Өлгей қаласында консулдық қызмет құру және оларды Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан елшілігі ғимаратының құрылысын салу туралы мәселені зерттесін. Алтыншы, Білім және ғылым министрлігі Моңғолия азаматтарына еліміздің жоғары оқу орындарына бөлінетін квотаны көбейту мәселесін қарастырсын. Сыртқы істер министрлігі осы тапсырмалардың орындалуын бақылауға алып, тиісті ақпаратты Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізсін», - деп атап өтті ол.

Еске салсақ, өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен К.Мәсімов 10 шілдеде сел көшкен Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағындағы (округ) Өлгей қаласына барды. Төтенше жағдай нәтижесінде 100-ден астам үй қирап, 700 адам баспанасыз қалды.

Өлгей қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесуде К.Мәсімов Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасымен ҚР Үкіметі сел көшкінінен зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеген болатын.