ҚР Президенті архивінің 30 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды

Фото: Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Қазақстан Республикасы Президенті архивінің 30 жылдығына» орай арнайы пошта маркасы айналымға енгізілді.

Арнаулы пошта маркасын таныстыру рәсімі Алматыда өтті. Оған ҚР Президенті архивінің директоры Әлия Мұстафина мен «Қазпошта» АҚ бастығы Әсел Жанасова қатысты. 

«Мерейтойлық пошта маркасын шығару – өткенімізге құрмет және оны насихаттауға деген ұмтылысымыздың көрінісі. Бұл марканы шығару отандық архившілердің жұмысына деген құрметтің белгісі деуге болады. Өйткені қазақстандық пошта маркасы алғаш рет архив саласына арналып отыр. Пошта маркаларындағы суреттер – маңызды тарихи оқиғалар мен жетістіктердің шежіресі. Арнайы мөртабанмен белгіленгеннен кейін коллекциялық құндылыққа ие болады, архивте сақталған тарихи, маңызды құжаттар сияқты есте қаларлық нысанға айналады», - деді Әлия Мұстафина. 

Фото: Александр Павский / Kazinform

Сондай-ақ ол Президент мұрағаты «Қазпоштаның» тұрақты клиенті екенін, жыл сайын 2 мыңнан астам хат жіберетінін тілге тиек етті. 

Марка ертең, яғни 1 қазаннан бастап айналымға шығады. Жалпы тиражы – 5 000 дана.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Айта кетейік, архив 1994 жылы 14 қаңтарда ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен құрылды. Қазір онда ел тарихына қатысты 1 млн-нан астам құжат сақталған.