«Өздеріңіз білесіздер, Президенттің Іс басқармасына жүктелген маңызды міндеттердің бірі – Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін халықаралық және ел ішіндегі алқалы жиындарды жоғары деңгейде өткізуге атсалысу, сақадай сай дайындықты қамтамасыз ету.
Жыл басынан біздің іргелі ұжым мемлекеттер басшыларының кездесулері, Қазақстанға шет елдерден үкімет делегацияларының келуі, мерекелік салтанатты жиындар, Үкімет пен Парламент ғимараттарында өткен кеңейтілген отырыстар сынды жүзден астам іс-шараны ұйымдастыруға белсене қатысты.
Осы орайда, жұмысы көзге байқала бермейтін, бірақ аса маңызды рөл атқаратын мекемелердің бірі – Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының қызметіне тоқталғым келіп отыр. Орталық қызметкерлері жиындар өтетін барлық ғимараттардың ішінде халықаралық хаттамаға сай бактериологиялық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық сараптама жасайды, жарық пен шу деңгейін, жалпы микроклиматты тексереді», – дейді А.Дәдебаев.
Аталған мекеме Халықаралық зертханаларды аккредиттеу қауымдастығының (ILAK) тіркеуінен өтіп, халықаралық зертхана мәртебесін алған. Бұл – жоғарғы сапаның көрсеткіші. Оның зерттеулерінің нәтижесі ILAK ұйымында тіркелген 137 елдің барлығында мойындалатынын білдіреді.
«Орталықтың даму бағытындағы кезекті қадам – жыл соңына дейін халықаралық референт мәртебесін иелену болмақ. Яғни, түрлі зертханаларда қайшылық туындаған жағдайда соңғы шешімді аталған кәсіпорынның санитарлық-химиялық зертханасы шығаратын болады.
Президенттің Іс басқармасы еліміздің беделін биіктету ісінде ерекше орны бар кәсіпорынның материалдық-техникалық жағдайын жетілдіріп отыруды үнемі назарда ұстайды.
Еліміз аман, еңбеккерлеріміз абыройлы болсын!», - деп түйіндеді Президенттің Іс басқарушысы.