ҚР Президенті 2017 жылдың еншісіндегі айтулы оқиғалар мен ауқымды істерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Барша қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың еншісіндегі айтулы оқиғалар мен ауқымды істерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы мерейтойлық жыл біз үшін бірқатар маңызды шараларға толы болды. Елдің саяси өмірінде елеулі науқан - Парламент сайлауын өткіздік. Ұлы мақсат көздеген Ұлт жоспарының алғашқы жылын табысты аяқтадық.  Алдағы 2017 жылдың еншісінде айтулы оқиғалар мен ауқымды істер мол болмақ. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін бастайтын болады. Бұл кез келген мемлекет қол жеткізе бермейтін асқақ абырой, мәртебелі міндет», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы келер жылы Астана меймандары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде бас қосатындығын, сонымен қатар Алматыда Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы жағылатындығын атап өтті.

«Еңселі елордамызда   Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды. Халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамытуға арналған шаралар жалғасын табады. Біз енді Тәуелсіз еліміз үшін жаңа 25  жылдықтың жарқын парағын ашамыз. Табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл табысты да тағылымды жыл болсын!» - деп құттықтады қазақстандықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.