Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері Тараз қаласының 57 жастағы тұрғыны, Қоғамдық қордың жетекшісін қолға түсірді. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын орындау қажет деген сылтаумен ақшалай қаражат жинаған.
«2011 жылғы қараша айының соңында оның алаяқтық жолмен Президент Әкімшілігі басшылығы атынан Өскемен қаласындағы ЖШС-лардың бірінің шотынан 10 млн. теңге көлемінде ақшалай қаражат алғаны анықталды. Сонымен қатар, алаяқтың бірнеше рет басқа да коммерциялық құрылымдарға өтініш жасаған фактісі де анықталды», - делінген таратылған мәліметте.
Атап айтқанда, 2011 жылдың желтоқсан айында ол бір корпорацияның қаржы директорына өзін ішкі істер органдарының ардагерлері қамқорлық қорының жетекшісі, полиция полковнигі ретінде таныстырып, одан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге байланысты полиция ардагерлеріне көмек көрсетуді өтінген. Ол ақшалай қаражатты факс арқылы жіберілген хатта көрсетілген реквизиттерге аудару қажеттігін айтқан. Алайда, ондай мүмкіндіктің болмауына байланысты оған ақша беруден бас тартылған.
Мұнымен қоса, ол Алматы қаласындағы ірі фирмалардың біріне осыған ұқсас өтініш білдіріп, олардан 10-15 млн. теңге аударуды сұрап, оларға өзінің Президент Әкімшілігі басшысының тапсырмасын орындап отырғанын баса айтқан. Бірақ оның бұл өтініші де қолдау таппады. Қазіргі уақытта алаяқ тұтқынға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Оның осындай ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдікті бұрын алаяқтық іс-әрекеті үшін екі рет сотталған.