«Маған әлеуметтік желілер жат емес, яғни әлеуметтік желілерде жұмыс істеймін. Кейбір тапсырмаларды WhatsApp арқылы беремін. Қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс болмауы мүмкін, алайда тапсырмалар жедел түрде жүктеледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, телеарна тілшісі Мемлекет басшысының Twitter-дегі парақшасы туралы сұрады.
Бұл орайда Президент Twitter-ді БҰҰ-дағы қызметінен бері пайдаланып келе жатқанын жеткізді.
«Ол жерде Twitter-де өзіңнің жеке парақшаңды жүргізу дұрыс саналатын. Байланыстың осы түріне әбден үйреніп қалдым. Twitter деген не? Бұл жеке телеграф агенттігің іспетті», - деді Президент.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы аталған парақшасы арқылы өзінің пікірі мен тапсырмаларын жиі жариялап тұратынын, сондай-ақ көтерілген нақты мәселелер бойынша ел халқы жедел хабардар болатынын айтты.
«Сонымен қатар, менде Instagram-да парақшам бар. Бірақ та оны Президент болғаннан кейін аштым, яғни бұл парақшаны ашуға кеңес берді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.