Жиында Президент Алматыны дамытудағы маңызды міндеттердің бірі ретінде шетелдік инвестицияларды қорғау екендігіне назар аударды.
Осы ретте Мемлекет басшысы инвесторлардың елімізде бизнестерін жайлы жүргізуі экономиканың табысты дамуына және азаматтардың әл-ауқатына ықпал ететінін ескертті.
– Инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас мемлекеттік органдар үшін міндет болуға тиіс. Сондықтан құқық қорғау органдары мен басқа да өкілетті құрылымдарға инвесторлардың жұмысына негізсіз араласуға болмайтынын ескертемін, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде қаланың инновациялық саладағы алатын орнын нығайту қажеттігіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Алматының аталған салада көшбасшы болуға толық мүмкіндігі бар. Бұған Инновациялық технологиялар паркінің әлеуеті, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және венчурлық капиталдың айтарлықтай бөлігінің осында шоғырлануы септігін тигізеді.