31 жастағы жас физик Ернұр Рысмағамбетов Президенттің алдында өзін таныстыра келе, физика саласындағы жетістіктерін тізіп өтті. Қазіргі уақытта Ернұр «Астана» халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросын басқарады. Физикадан бірнеше ірі байқаулардың жеңімпазы.
«2002 жылы физика пәнінен дүниежүзілік олимпиадада бірінші орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткіздім. Сол жылы әлемге әйгілі Калифорния университетіне шақырту алдым. Алайда, сол жылы Америкаға ұшып баруға қажетті 1200 АҚШ долларын табудың өзі қиын еді. Үмітім үзіле жаздады. Түрлі компаниялардан демеушілік сұрадым. Соңында тағы бір халықаралық олимпиададан топ жарып, құны 1300 АҚШ долларлық ноутбукты сыйға алдым. Бірақ оны жолға билет алу үшін сатып жібердім», - дейді Ернұр.
Жас өрен барған университінде танымал өнертапқыш Илон Маскпен кездесіпті. Қаржы саласына қатты қызығып, халықаралық қаржы орталықтарының жұмысын Ернұр Америкада меңгере бастаған.
«Үлкен тәжірибе жинап, елге оралдым. Бірнеше халықаралық инвестициялық қорда еңбек еткеніммен, елге қызмет ету арманыма ақыры бет бұрған едім. 2009 жылы мектеп оқушыларын физика пәнінен дайындай бастадым. Мексика, Тайланд елдерінде физика пәнінің білгір оқушыларымыз үздік ондыққа кірдік», - дейді Ернұр.
Отты жастың сөзіне ырза болған Елбасы алдағы уақытта да ғылыми бастамаларға қолдау білдіретінін айтып өтті.
«Математика мен физика - болашақтың ғылымы. Әрине, мамандар даярлау керек. Бүкіл дүниежүзіндегі өсіп-өркендеп кеткен елдердің барлығы сол мамандықтарды меңгеріп, жаңалықтардың барлығын ашты. Сондай болса екен деп ойлаймын. Егер де сондай жас бір топ ғалымдар болса, соларға арнап арнайы зертхана салуға болады. Жұмыс жүргізіп, жағдайларын жасауға болады. Себебі, бізге қажеті сол. Сол үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы қыздар мен ұлдарды жіберіп отырмын ғой», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.