ҚР Президенті: Біз мемлекет ретіндегі өсу-өркендеудің жаңа сатысына көтерілдік

АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ЕҚЫҰ-ға төрағалықты Қазақстанды әлемге одан ары таныту үшін пайдалану керек. Бұл туралы Елбасы бүгін Алматыдағы резиденциясында бір топ әдебиет пен өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды тапсыру рәсімінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономика қарқынды дамығаннан бастап басқалар Қазақстанның кім екенін танитын болды. Осының барлығы тәуелсіздікті нығайту үшін ең алдымен экономиканы нығайту керектігін түсініп, халқымыз қолдағанының арқасы. Бір кездері шетелдіктерден картадан Қазақстан қай жерде деп сұрасаң көрсета алмайтын еді ғой. Ал енді міне, ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырмыз. Үш құрлыққа орналасқан 56 мемлекеттің басын құрайтын үлкен ұйымға Қазақстанды төраға етуге сол елдер жиналып шешім қабылдады. Жалпы, түркі елдері ішінде, ТМД елдері арасында біз тұңғыш рет осындай дәрежеге жетіп отырмыз», деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының айтуынша, Қазақстан қазір мемлекет ретіндегі өсу-өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп, іргесі берік, ықпалды мемлекетке айналды. Ендігі мәселе, барымызды бағалап, заман биігінен көріну болмақ.