ҚР Президенті халық үшін әрқашан да ашық екенін мәлімдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел халқымен телеарна арқылы тікелей желіні өткізудің қажеттігін әзірге көріп тұрмағанын айтты.

Бұл туралы Елбасы Астанадағы Қазақстан-Түркия бизнес-форумынан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

«Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдары кабинетте айтқан сөзді миллиондаған адамға жеткізуге қауқарлы. Сондықтан мұндай конференцияларды өткізудің қажеттігі бар деп есептемеймін»,-деді Мемлекет басшысы.

Елбасы сонымен қатар, әр елде өзіндік дәстүр бар екенін және олар осындай трансляцияларды өткізу туралы шешім шығаруға өздері құқылы екенін атап өтті.

Н. Назарбаев өз сөзінде әрқашан да халық үшін ашық екенін, сондай-ақ қазақстандықтармен ашық әңгіме тұрғысында бірнеше рет байланысқа шыққандығын еске салып өтті.

«Мен де Интернет желісі арқылы ашық түрде осындай шараларды өткізгенмін»,-деді Президенті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін РФ Президенті Владимир Путин дәстүрлі «тікелей желіні» өткізіп, оның барысында ресейліктердің сұрақтарына жауап берді.