ҚР Президенті Іс басқарушысы медицина мамандарын мерекемен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аса маңызды да мәртебелі міндетті абыроймен атқарып, халықтың алғысын алып жүрген абзал жандарды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. ҚР Президенті Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев медицина мамандарының бүгінгі кәсіби мерекесіне орай осындай лебіз білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: akorda.kz

«Медицина саласының барша қызметкерін бүгінгі кәсіби мерекемен құттықтаймын!

Ұлт саулығы – ұлы байлық. Ал ақ желеңді абзал жандардың әр күн сайын адам жанына арашашы болып, халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы атқарып жүрген еңбегі зор.

Бүгінде ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты клиникалар мен сауықтыру мекемелері еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға, емдеу мен оңалту стандарттарын әлемдік деңгейге көтеруге, озық технологияларды енгізуге және оны тарату ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Білікті мамандар еңбек ететін, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген Медорталық жүйесінің қызметі әрбір қазақстандыққа көмек көрсетуге бағытталған», - деді ҚР Президенті Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев.

А.Дәдебаев былтыр елордадағы клиниканың жанынан ядролық медицина орталығы және 200 орындық терапевтік корпус ашылғанын еске салды. Өткен аптада мекеме халықаралық JCI стандартына сай екендігін растады. Сонымен қатар, биыл ядролық медицина орталығында екі радиофармацевтикалық препаратты шығару жобасы сәтті жүзеге асырлды. Жақын арада қатерлі ісік ауруларын анықтайтын тағы бір препарат шығару жоспарланған.

«Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың да жетістіктері аз емес. Былтыр оның базасында Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеу орталығы, аритмология орталығы ашылғаны да талай науқас адамның үмітін оятып, денсаулығын түзеуіне жәрдемдесті.

Өңірлермен арадағы байланысты нығайтып, аймақтардағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ықпал ету үшін жыл басынан бері Медициналық орталықтың өңірлердегі күндері өте бастады. Елорда мен Алматыдағы ауруханалардың маңдайалды мамандары Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Атырау облыстарына және Шымкент қаласына барып, науқастарға мыңға жуық консультация берді, жүзден астам күрделі операция жасады. Аймақтардағы әріптестерімен тәжірибе алмасып, өздері қолданып жүрген жаңа емдеу технологияларын таныстырды.

ПІБ жүйесінде 3 мыңға тарта медицина саласының маманы еңбек етеді. Аса маңызды да мәртебелі міндетті абыроймен атқарып, халықтың алғысын алып жүрген абзал жандарды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға сарқылмас шаттық пен көл-көсір қуаныш, бақ-береке тілеймін! Еселі еңбектеріңіз жемісті болып, әрдайым толағай табысқа кенеле беріңіздер!», - деп жазды ҚР Президенті Іс басқарушысы.