Мемлекет басшысы сенім грамотасын қабылдау барысында Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, көп векторлы сыртқы саясат жүргізіп келе жатқанын, бұл халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесімен ынтымақтастық бағытындағы диалогты орнатуға бағытталғанын баса айтты.
«Ұлыбритания әлемдегі маңызды әріптесіміздің бірі екені сөзсіз. Екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенімге берік негізделген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріптесінің бірі болып саналады. Менің 2015 жылғы Лондонға сапарым осы жемісті ықпалдастық пен екі елдің қарым-қатынасына тың серпін берді. Біздің саяси диалогымыз екі жақты форматта табысты дамуда», - деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Швеция Риксдагының (парламенті) спикері Урбан Алинның Қазақстанға сапары өткен жылдың маңызды оқиғасына айналғанын айтты. Сонымен қатар Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандырып, сауда-саттықтың шағын көлемін арттыруымыз қажеттігіне баса назар аударды.
«Біз Үндістанды Қазақстанның маңызды сыртқы саяси, сауда серіктесі ретінде қараймыз. Елдеріміз халықаралық ұйымдар аясында өзара белсенді іс-қимыл жасап келеді. Үндістанның Шанхай Ынтымақтастық ұйымына толық мүшесі болғанына қуаныштымыз. Елдеріміз бұл ұйымның жұмысына тың серпін беріп, мәртебесін арттырады деп сенеміз», - деді Елбасы.
ҚР Президенті Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында Үндістан Премьер-Министрі Маренда Монимен кездесіп, екіжақты қарым-қатынастың қазіргі мәселелері жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Сондай-ақ екі елдің ведомстволарына сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарымын күшейту жөнінде нақты тапсырма берілгенін еске салып өтті.
«Қазақстан Куба мемлекетімен екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. Соңғы жылдары Қазақстан-Куба қарым-қатынастары айтарлықтай жанданып келе жатыр. Мен 2017 жылдың сәуірінде алғаш рет Кубаға ресми сапармен бардым. Куба басшылығымен өткен келіссөздер барысында біз екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын анықтадық. Елдеріміздің сауда экономикалық саяси ынтымақтастығын нығайту үшін нақты жұмыстарды жалғастыру қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті шетелдік дипломаттардың Астанадағы қызметтерінің қызықты әрі жемісті болуына тілектес екенін білдірді.
«Миссияларыңыз табысты болып, мемлекеттеріміздің арасындағы қарым-қатынастарымызды жан-жақты дамыта түседі деп ойлаймын. Қазақстанда өткен күндеріңіз өздеріңіз үшін де жақындарыңыз үшін де жайлы болсын. Ол жағынан біздің министрлік те, Үкімет те барлық жағдайды жасайды. Сіздерге табыс тілеймін», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.