ҚР Президенті Кубогында ауыр жарақат алған хоккейшінің беті бері қарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нефтехимик» клубымен арадағы кездесуде ауыр жарақат алған «Авангард» хоккейшісі Кристиан Кудроч Астананың бірінші қалалық ауруханасында емделуде, деп хабарлады «Барыс» хоккей клубының баспасөз қызметінен.

«Өткен маусымды «Барыс» сапында өткізген ойыншыға таяуда ғана клуб басшылығы барып қайтты. Бұған қоса, команданың аспазы Кристиан үшін арнайы мәзір әзірледі және ол толық емделіп шыққанға дейін толықкешенді тағаммен қамтамасыз ететін болады. Хоккейшінің жағдай күн сайын жақсарып келеді», - делінген клуб таратқан ақпаратта.

Естеріңізге сала кетейік, «Авангард» - «Нефтехимик» матчтарының бір кезеңінде бірінші команда ойыншысы Кристиан Кудроч жарақат алған болатын. Орындыққа дейін өзі жеткен ол, біраз уақыттан кейін есінен танып қалған еді. «Қазақстан» спорт сарайында тұрақты кезекшіліктегі дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетті, алайда ол есін жимағандықтан, ауруханаға жеткізуге тура келген-ді.

Ал Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы 5-ші халықаралық турнирінің жеңімпазы омбылық «Авангард» клубы атанған болатын. Олар финалдық кезеңде елордалық «Барыс» командасын 5:3 есебімен тізе бүктірді.