ҚР Президенті кубогының алғашқы тур ойындары өтті

None
АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Президенті кубогі жолындағы жарыстың алғашқы ойынында «Барыс» хоккей клубы Мәскеу облысының «Атлант» командасын жеңді.

Кеше, тамыздың 10-ы күні Кубок турнирінің алғашқы турында Рига қаласының «Динамо» клубы мен Беларус елінен келген «Динамо» командасы өзара кездесті. Ойын 3:2 есебімен латвиялықтардың жеңісімен аяқталды.

Ал Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы бұрыннан келе жатқан қарсыласы Мәскеу облысының «Атлант» командасымен мұз айдынына шығып, 4:2 есебімен басым түсті.

«Барыс» - «Атлант» кездесуінің алғашқы минуттарында басымдық танытқан елордалық ойыншылар бірінші кезеңнің 4-ші минутында қарсыластарының қақпасына алғашқы шайбаны салды. Гол авторы - Максим Худяков. Екінші кезеңнің 10-шы секундында «Барыстың» жаңа ойыншысы, чехиялық легионер Лукаш Кашпар есепті еселеді.

Дегенмен қарымта сәттердің бірінде «Атлант» ойыншысы Сергей Мозякин ширақтық танытып, есепті 2:1-ге жеткізді. Көп ұзамай «Барыс» ойыншылары Вадим Краснослободцев пен командаға жаңадан қосылған Иржи Новотны бір-бір шайбадан гол салып, таблодағы көрсеткішті 4:1-ге өзгертті.

Ойынның 51-ші минутында «Атлант» командасы астаналықтардың қақпасына қарымта шайба енгізе алды. Голды Евгений Нурисламов салды.

Бүгін, жарыстың екінші кезеңінде «Барыс» Рига қаласының «Динамо» командасымен кездеседі. Минскілік «Динамо» командасы «Атлант» хоккейшілеріне қарсы ойнайды.