ҚР Президенті мен Ұлыбритания қорғаныс министрі ынтымақтастық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады

None
  АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания қорғаныс министрі Филипп Хаммондты қабылдады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды.

- Біздің елдеріміз арасында тығыз саяси және экономикалық байланыстар орныққан. Біз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуын атап өттік. Премьер-Министр Дэвид Камеронның Қазақстанға жасайтын алдағы сапары біз үшін маңызды. Қорғаныс саласында да ынтымақтастық дамып келеді. Біздің әскерилер Ұлыбританияда әскери дайыдық бағдарламасы бойынша оқып жатыр, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

- Президент мырза, Сізге Камерон мырзаның ең ізгі тілегін жеткізуіме рұқсат етіңіз! Мен бүгін Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту мәселесін, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін талқылау мүмкіндігі болғанына қуаныштымын, - деді Ф. Хаммонд.

Қазақстан мен Ұлыбританияның әскери ынтымақтастығында бітімгершілік маңызды орын алады. Бұған «Дала қыраны» жыл сайынғы халықаралық оқуы дәлел болып табылады. Сондай-ақ Қазақстан көпұлтты күштер құрамында Ирактағы жағдайды қалпына келтіру үдерісіне өз үлесін қосуда, онда қазақстандық армияның инженерлік-саперлік жасағы жоғары баға алған.