ҚР Президенті мұрағатында жүзге жетпейтін құпия құжат қалды - Мұрағат директоры

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті мұрағатында жүзге жетпейтін құпия құжат қалды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мұрағатының директоры Борис Жапаров айтты.

"Біздің қазіргі өмір сүріп отырған заманымыздың басты ерекшелігі - қоғамымыздың ашықтығында. Сондықтан қазір мұрағаттар да ашық болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары еліміздің тарихына қатысты 1937-1991 жылдарды қамтитын 13 мыңнан астам құжат ашылды. Сонымен қатар оған дейінгі кезең, яғни 1918-1936 жылдарға қатысты 26 мың іс-құжат та толығымен құпиялылығын жойды", - деп атап өтті Б.Жапаров.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құпия болып қалған құжаттар 100-ге жетпейді. Олардың көпшілікке жария болуы мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіретін көрінеді.