ҚР Президенті Н.Назарбаев: Қазақтың тарихы - бірігу мен тұтастану тарихы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық музейде жаңа Қазақстанның тарихына айрықша мән берілетін болады. Бүгін елорда күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ресми ашылу рәсімі барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Дәуірлерге лайық іс тындырған жиырма жылдан астам уақыт ел тарихында ең жасампаз кезең болып табылады. Кейінгі ұрпақ бүгінгі буын бастаған ұлы істерді лайықты жалғастыратынына сенімдімін. Қазақстан тарихы келешекке тек қана бейбіт бастамалармен, жарқын істермен жалғасатын болады»,- деді Елбасы.

Н.Назарбаев бүгін есігін айқара ашып отырған тарих музейі сан жылдар бойғы жасампаздық жәдігерлермен толыға беретінін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы тарихи жәдігерлерімізді ұлықтап, оларды әрбір шетелдік қонаққа таныстыру керек екенін жеткізді.

«Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата түсу - біздің ортақ парызымыз. Қазақтың тарихы - бірігу мен тұтастану тарихы. Бүгін жай ғана музей ашылып отырған жоқ, сан мың жылдық шежіре жазылатын Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып отыр», - деді Президент.