«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты», - деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы билік ауысқаннан кейінгі жағдайдың қалай өрбитіні туралы айтып берді.
«Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Бұл Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін», - деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев әлемдік тарихқа аса көрнекті реформатор ретінде енгенін атап өтті.
«Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз - Елбасының жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Сондықтан шетелдік сарапшылар бұл реформаларды «Қазақстан жолы» немесе «Дамудың қазақстандық үлгісі» деп атайды. Қазір біздің еліміз - Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір жетекші мемлекет. Даму жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарындамыз», - деді ол.
Қазақстан Президенті өз сұхбатында елімізде шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы ахуал орнағанын да тілге тиек етті.
«Біз, бірінші кезекте, әлеуетті инвесторларға жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, шетел инвесторларына жер телімдерін бөлу, олардың инженерлік және электр желілеріне қосылуы, түрлі рұқсаттар алуына қатысты айтарлықтай тосқауылдар бар. Мәселені жедел шешудің орнына бюрократияға жол беріліп отыр», - деді Қ.Тоқаев.
Осының нәтижесінде бірқатар облыста әкімшілік кедергілер мен жасанды шектеулер іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік жоқ.
«Үкіметке және әкімдерге осы проблеманы жедел шешу мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма бердім. Инвестиция салуға кедергі келтіретін кез келген тиісті лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігі қаралуы қажет. Биыл Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қор өз жұмысын тиімді жүргізетін болса, осы жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Елімізге тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорттың көлемі министрлер мен әкімдердің қызметін бағалау ісінде шешуші көрсеткіш болады», - деді ол.