ҚР Президенті РФ рублінің девальвациясы салдарынан экономикамызда қабылданып жатқан шаралар жайында айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің жетекші телеарналар журналистеріне берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге қатысты Батыстың санкциясы салдарынан қалыптасқан ахуалға орай Қазақстан экономикасында қабылданатын шаралар жайында айтты.

Мемлекет басшысы осы санкциялар Қазақстанға тікелей әсер етпейтінін жеткізді. Ресей негізгі серіктесіміз екенін атап өткен Елбасы бұл санкциялардан жақсылық күтуге болмайтынына тоқталды: «Қазіргі кезде біздің азаматтар Ресейге барып, арзан тауарлар алып жатыр. Адамдар үшін бұл жақсы секілді, яғни бізге қарағанда машиналарды 10-15 мыңға (доллар) арзанға сатып алады. Сонымен қатар, баспаналар алып жатыр деген сөздер айтылып жатыр. Ресей үшін бұндай арзаншылық бір жағынан жақсы, сауда жүріп жатыр, ал басқа қырынан алғанда осындай бағамен саудаланудың кері әсері бар. Себебі, рубль бағамы құбылып тұр», - деді Мемлекет басшысы. Осы орайда, Президент Еуразиялық экономикалық одақ пен Кеден Одағы аясынде еліміздің кәсіпкерлерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдануы мүмкін екенін жеткізді. «Енді Кеден одағы және бірыңғай экономикалық жағдайында біз осында нені кіргізіп, қандай заттарды кіргізбеу керектігін қарайтын боламыз. Себебі, бұл кәсіпкерлерімізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазақстанда өзіміздің кәсіпорындар мен тауарлар бар»,-деді Н. Назарбаев. Елбасы бүгінде еліміз ЕО-мен және басқа да мемлекеттермен сауда-саттықты жүргізіп жатқандығына тоқтала келе, «Әлемдік қаржылық институттары елімізге тартылып отыр. Инвестициялар бізге Шығыс пен Батыстан келіп жатыр. Сондықтан, жұмыс істеп, осының барлығын жіті назарда ұстаймыз»,-деді Президент.