ҚР Президенті Салық кодексіне қол қойды
15:38, 25 Желтоқсан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салық заңнамасына қатысты бірқатар құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы салық заңнамасын жетілдіруге бағытталған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексіне қол қойды . Елбасы сонымен қатар жаңа Салық кодексінің ережелерін қолданысқа енгізу мерзімдерін айқындайтын «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңына қол қойды .
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы заңнаманы жаңа Салық кодексіне сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды .
Заңдардың мәтіні баспасөзде жарияланады.