ҚР Президенті Сауд Арабиясының бизнесмендерін Қазақстанды индустрияландыруға қатысуға шақырды

ЭР-РИЯД. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының бизнесмендерін Қазақстанның индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуға шақырды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Сауд Арабиясы Корольдігінің іскерлік орта басшыларымен кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан Сауд Арабиясы сияқты табиғи ресурстарға бай ел екенін атап өтті. Алайда, бұған қарамастан, экономиканы дамытуға бағытталған реформаларды жүзеге асырады. «Қазақстанның стратегиялық міндеті -  әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру. Аталған мақсатқа қол жеткізудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту. Бизнесті дамыту және инвестицияларды тарту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Қазақстанда кәсіпкерлік және инвестициялық ортаның жағдайын жақсарту үшін қолданылып жатқан жүйелі шаралар туралы баяндады.  «Дүниежүзілік банкінің «Бизнесті жүргізу жеңілдігі»  рейтингінде Қазақстан 41-ші орында.  Бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілер максималды түрде қысқартылды. Қазір Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ бар. Онда  13 түрдің либералды салық режимі пайдаланылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. ҚР Президенті  Сауд Арабия бизнесмендерін Қазақстанның индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуға шақырды.

«Қазақстан бұл ретте жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор ұжымдық табыс салығын және жер салығын төлеуден 10 жылдық мерзімге,  мүлік салығынан 8 жылға босатылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.