ҚР Президенті сайлауы: А.Сырғабаев ана тілін тұрмыстық деңгейде білгені үшін ұялатындығын ашық айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Асқар Жорабайұлы Сырғабаев ана тілін тұрмыстық деңгейде білгені үшін ұялатындығын ашық айтты.

«Сынақ өз талаптарына сай өтті, ренжірлік еш жайт орын алмады. Бәрі орынды. Шынымды айтсам, мен алғаш рет қазақша жаздым. Себебі осы уақытқа дейін ондай талап маған қойылмаған еді. Шала қазақтыққа салынып, тұрмыстық деңгейде ғана тілді біліп жүрген азаматпыз ғой. Тіпті, біз кеңес заманында білім алдық. Ал бүгінгі көрсеткен нәтижеме әділ баға қойылды», - деді А.Сырғабаев ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия сынағынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Сонымен қатар ол бүгінгі комиссия сынағынан өте алмауы ұятты жағдай екендігін де ашық мойындады.

Айта кетейік, ол комиссия сынағының алғашқы кезеңінде екі бет жазба жұмысында 92 қате жіберіп, екінші кезеңде үш беттік мәтінді ежіктеп оқыған. Ал соңғы кезеңде де «Ел бірлігі - ел арқауы» деген тақырыпта ойын толық жеткізе алмаған еді.