ҚР Президенті сайлауын 6 тәжікстандық байқаушы бақылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл пікірді бүгін ҚР ОСК-де өткен брифингте Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының көмекшісі Парвина Расулова білдірді.

«Жалпы, Тәжікстан Республикасынан халықаралық байқаушы ретінде 6 адам келіп отыр және бәріміз де түрлі миссияда қызмет етеміз. Біз Тәжікстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі Орталық комиссиясының өкіліміз».

Сонымен қатар ол бүгін ҚР ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фооспен кездескендерін әрі кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық және өткізу мәселелеріне қатысты ақпарат алғандарын атап өтті.

«Біз Қазақстанға келгенімізге қуаныштымыз, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз. ҚР Орталық сайлау комиссиясы ауқымды жұмыстар атқарды және біз сайлау учаскелерін аралап шығуға дайынбыз», - деді П.Расулова.