ҚР Президенті шыршасына келген әр балаға Елбасы атынан сыйлық беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында «Мәңгілік Елдің қасиетті құндылықтары» атты Қазақстан Республикасы Президентінің шыршасы өтеді. Салтанатты шараға балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балалар мен мүгедек балалар қатысады, деп хабарлады astana.kz.

Жаңа жылдық бағдарлама барысында ертегі кейіпкерлерімен театрландырылған қойылым көрсетіліп, байқаулар мен викториналар өткізіледі. Шараға қатысушылар Оқушылар сарайын аралайды (планетарий, интерактивті паркті және т.б. тамашалайды), түрлі ойын-сауық шараларына қатысып, мерекелік дастарханнан дәм татады.

Шыршаға келген әрбір балаға ҚР Президентінің атынан сыйлықтар беріледі. Астана қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, жаңа жылдық шыршаға 9-13 жастағы 200 бала шақырылды. Соның ішінде, 117 жетім, қалған балалар көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан.