ҚР Президенті: Тату елде тақсірет болмайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде еңбек етемін деген жанға барлық жағдай жасалып жатыр. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең бастысы ел іргесі тыныш, татулық пен тұрақтылық бар. Бұл ең маңызды мәселе болып табылады. Бүгінде жер жүзінде БҰҰ-ның мәліметтері бойынша 1 млрд-қа жуық адам аштықтан азап шегуде, 3 млрд адам тақыр кедей, 16 млн адам құлдықта өмір сүреді. 65 млн адам босқын. Шыбын жаны үшін жат жерде бас  сауғалап жүр, оның жартысы жастар мен сәбилер», - деді Президент.

Мемлекет басшысы осындай алмағайып заманда еліміздің бейбітшілікке бөленуі бірлік пен берекеге ұйып, татулықтың болғаны екендігін баса айтты.

«Ең негізгі байлық деп санау керек. Мыңдаған жаңа жұмыс орны жыл сайын ашылып жатыр. Еңбек етемін деген жанға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Біз тәубесінен жаңылмаған елміз. Барды бағалап, көздің қаршығындай сақтай білген халықпыз. Ары  қарай да осыны сақтай білуіміз керек. Тату елде тақсірет болмайды», - деді Елбасы.

Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая, «Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева, қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысуда.