ҚР Президенті Тереза Мэйді Ұлыбританияның премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тереза Мэйге оның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-министрі лауазымына тағайындалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Тереза Мэйді Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан құттықтады және екі елдің арасында берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

«Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауда Қазақстанның кандидатурасын қолдағанын еліміз жоғары бағалайды. Біз екіжақты серіктестікті екі мемлекет халықтарының игілігі жолында дамыта беруге әзірміз», - делінген жеделхатта.

Елбасы соңында Т.Мэйдің жаңа қызметінде табысты болуына, ал Біріккен Корольдік халқының өркендей беруіне тілектестігін білдірді.