ҚР Президенті украин студенттерін Астанадағы Жаңа халықаралық университетте білім алуға шақырды

None
СТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат - Бүгін Украинада ресми сапарымен жүрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінде болды, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Студенттер алдында сөз алған Президент Қазақстанда Украинаның ғылыми және білім әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта қазақстандық және украиналық жоғары оқу орындары көптарапты ынтымақтастықты жүзеге асыруда. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің украиналық жоғары оқу оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастары соның нақты мысалы болып табылады. Екі елдің Ұлттық ғылым академиясы арасында екі жақты ынтымақтастық орныққан.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы негізгі стратегиялық басымдықтардың бірі интеллектуалдық ұлт қалыптастыру болып табылатынын атап өтті. Мәселен, 2012 жылға дейін ғылымды дамытуда инвестиция мөлшерін 25 есе арттыру, ал оны 2015 жылға қарай ЖІӨ-нің 2,5 пайызына дейін жеткізу міндеті тұр.

- Жоғары оқу орындары саласындағы ең ірі және маңызды жоба Астанадағы жаңа халықаралық университет болып табылады. Украиналық студенттерді сонда оқуға шақырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Украиналық жастар өкілдеріне үн қата отырып, Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпақ екі ел арасындағы келешек қарым-қатынастарды жалғастыратынына тоқталды.

- Сіздердің алдарыңызда жалпы құндылықтарды одан әрі қалыптастыру, біздің халықтарымыз арасындағы достық дәстүрін, сенім мен өзара қолдауды нығайту міндеті тұр. Украин халқында «Туыстыққа бастайтын достық - байлықтан қымбат» деген дана мақал бар. Мен елдеріміздің достығы, біздің халықтарымыздың достығы тас қабырғадай әрдайым мықты болатынына және Қазақстан мен Украинаның гүлденуі мен өркендеуіне қызмет ететініне сенемін, - деп атап өтті Президент.

Бұл күні Мемлекет басшысы мен Украинаның Жоғарғы радасының төрағасы Владимир Литвинмен кездесуі болып өтті.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Украинаның бизнес топтары өкілдерімен кездесті.