ҚР Президенті: Ұзақ өмір сүру индустриясы әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде ұзақ өмір сүру индустриясы әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit 2018 форумының жалпы отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғаламшар тұрғындары саны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын айтарлықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек Тәуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65-тен 72,5 жасқа дейін ұлғайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұзақ өмір сүру индустриясы бүгінде әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналып отырғандығын баса айтты.

«Дегенмен, жылдам демографиялық өзгерістер бұл мәселеге жанама көптеген шешімдерді шешуді талап етеді. Ғасыр ортасында 10 млрд тұрғынды тамақпен қамтамасыз ету үшін бүгінгі күннен 60 пайызға көп азық-түлік өндіруге тура келеді. Базалық ресурстардың шектеулігін, әсіресе тұщы су тапшылығының арта түсуін ескерер болсақ, бұл оңай міндет емес», - деді Елбасы.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары технологиялық салаға айналуы қажет. Сондықтан да еліміз заманауи технологияларды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешеніндегі өсімді 2 есеге ұлғайту міндетін өз алдына қойып отыр.

«Тағы бір сын-тегеурін тұрғындардың қартаюымен байланысты зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін түбегейлі қайта құру қажеттігінде. Олар демографиялық шындыққа сай болуы тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.