Астана тұрғындары амбулаторлық түрде ем қабылдайтын емханаға барудың негізгі мақсаты - жалпы емдеу мекемесінің жағдайымен, азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде, Қазақстан ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде кепілдік берілген құқықтарының сақталуымен танысу болды.
Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мүшелері дәрігерлермен және пациенттермен әңгімелесу барысында азаматтардың денсаулығын қорғауға және білікті әрі қолжетімді медициналық көмек алу жағдайына жете көңіл бөлді. Сондай-ақ олардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, дәрігерлер мен басқа да медициналық қызметкерлердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуы, олардың ЕуроОдақ елдерінде және әлемнің басқа да дамыған елдерінде біліктіліктерін көтеру мәселелері қозғалды.
Сапар барысында комиссия мүшелері Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасына аталған емхананың оң жұмыс тәжірибесін елорданың және еліміздің басқа да емдеу мекемелеріне таратуды ұсынды.
Бұл сапарда жиналған материалдар Комиссияның Елбасының қарауына ұсынатын «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамасының «Азаматтардың денсаулығын қорғауға және білікті медициналық көмек алуға конституциялық құқықтары» бөліміне енгізілетін болады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2014 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді.