ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы жаңарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу аралықта Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясы қабылданады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның осы жылғы қорытынды отырысын бастаймыз. Өздеріңізге мәлім, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі ретінде белгіленеді. Бұл бағытта нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылданды. Елбасының тапсырмасы бойынша таяу мерзімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясы қабылданады»,-  деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова өз сөзінде жемқорлыққа қарсы күрестің ықпалын арттыру мақсатында тамыз айында Мемлекеттік  қызмет істері және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі құрылғаны еске салып өтті.

«Сондай-ақ республикалық комиссия жұмысын жандандыруда бірқатар іс-шара қолға алынып, жемқорлыққа қарсы күрес бойынша  белгіленген механизмдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы өз сөзінде ҚР Президентінің Жарлығымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Сүлейменов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗҚТ президенті Н.Ерімбетов және «Трансперенси Интернешнл Қазақстан» қамқоршылық кеңесінің төрайымы Н.Малярчук комиссияға мүшелікке енгендігін жария етті.