ҚР Президентінің бастамасына орай БҰҰ Бас ассамблеясы жоғары деңгейде кездесу өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына орай БҰҰ Бас ассамблеясы алғаш рет жоғары деңгейде кездесу өткізеді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Өткенді еске алып, болашаққа көз тік» атты халықаралық конференцияда ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас ассамблеясы жария еткен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінде бас қосып отырмыз. Қазақстан үшін бұл күннің нышандық мәні бар. Бұл күн ядролық сынақтардың қасіретті салдарын еске алу үшін ғана емес, сонымен бірге пікірлес мемлекеттердің, азаматтық қоғам өкілдері мен жекелеген тұлғалардың күш-жігерін ярдолық қауіп-қатерден азат болашақ құру мақсатына топтастырады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, ядролық сынақтардың жантүршігерлік сәттері еш уақытта ұмытылмауы тиіс.

«Жылдан жылға бұл дата, 29 тамыз барынша танымалдыққа ие болып келеді. Өткен жылы Астанада Пагуош конференциясы өтіп, МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі іске қосылды. Осы жылдың 6 қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызға арналған жоғары деңгейдегі бірінші кездесуге жиналатын болады», - деп жалғады сөзін Қайрат Әбдірахманов.

Осы ретте ол ядролық сынақтардың салдарынан қаза тапқан барлық адамзат баласын бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды. Халықаралық жиын қатысушылары ядролық сынақтан қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.