ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат - 590 үміткер ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болды. Шет елдерде кадрларды даярлау бойынша республикалық комиссияның 2010 жылғы қаңтардың 19-ындағы отырысының нәтижесі бойынша стипендиат атанғандардың тізімі кеше "Егемен Қазақстан" газетінде, ал бүгін, наурыздың 13-і күні «Казахстанская правда» газетінде жарияланды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылғы қарашаның 15-інде құрылды. Бұл бастаманың негізінде - алған тәжірибелерін кейін мемлекеттің игілігіне жарату үшін таланатты жастарға шет елдерде сапалы білім алуға жәрдемдесу идеясы жатты. 1994 жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарына аттанды.