ҚР Президентінің БҰҰ ҚК алаңында жолдаған үндеуі мәселелерді шешудің тиімді жолын ұсынады - Садовничий

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде алғаш рет оның ашық пікір-таласына қатысты.

Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий БҰҰ ашық пікірталасы кезінде ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов таныстырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси үндеуіне қатысты өз пікірін білдірді.

«Қазақстан Президенті өткен жылдар ішінде ылғи да қысылтаяң шақтарда сөз сөйлеп, ылғи да оны шешудің тиімді жолдарын ұсынып келді», - деді  Садовничий.

ММУ ректоры Қазақстан басшылығының Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынып отырғандығын жоғары бағалады.

«Ең күрделі мәселелердің бірі - Сирия мәселесі Астанада талқыға түскелі тұрғаны Президенттің елеулі еңбегінің арқасы деп санаймын. Оның әр ісі өзінің тәжірибесі мен даналығынан бастау алады. Ол халықаралық қатынастардың түйткілді тұстарын жете түсінеді», - дейді Садовничий.