ҚР Президентінің қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде «Шалқия» кен орны іске қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін жалпыұлттық телекөпір барысында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасы іске қосылды.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.

«Шалқия Цинк ЛТД» АҚ Басқарма төрағасы Болат  Рамазанов кен орны дүние жүзінде мырыш қоры бойынша ең ірі бестіктің қатарына кіретінін жеткізді. Кәсіпорында руданы тікконвейерлі әдіспен өндірудің инновациялық технологиясы  қолданылады. Кен орнын игеру жобасы толық қуатта іске қосылған кезде  1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Шалқия» кен орнын игеру  Қазақстан үшін мырышты өндіруші  ең ірі елдердің қатарына , сондай-ақ, қорғасын шығаруға мүмкіндік береді.  Әлем бойынша металдың бұл түрлеріне сұраныс өте жоғары.

 «Шалқия» полиметалл кен орнын «жерасты әдісі» арқылы өнеркәсіптік игеру» жобасы екі кезең бойынша жүзеге асады. 2018 жылы жылдық қуаты 2 млн. тоннаға дейін жететін кеніш салынады, ал 2020 жылы тау-кен өнеркәсібінің өндіріс  көлемі 4 млн. тоннаға дейін ұлғаяды. Өндірілген өнім ТМД елдеріне және алыс шет мемлекеттерге  жіберіледі. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы  қаржыландыру тетіктері пысықталуда, сонымен бірге  тау-кен байыту комбинатының құрылысын салушы мердігерді анықтау мақсатында конкурстық рәсімдер жүргізілуде.