Елбасы ұсынысымен, Мәжіліс депутаттарының қолдауымен Кәрім Мәсімов қайта еліміздің Премьер-Министрі болып тағайындалса, қалған министрлер де жылы орнын суытқан жоқ. Айта кетерлігі, Елбасының бастамасымен құрылған Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияны Премьер-Министр К.Мәсімов басқарады, ал оның орынбасары Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин болады. Сонымен қатар кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі жұмыс тобын Президенттің көмекшісі Е.Орынбаев, заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донақов, экономика мәселелері жөніндегі жұмыс тобын ұлттық экономика министрі Е.Досаев, біртектілік және бірлік жөніндегі жұмыс тобын Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын Парламент Мәжілісінің төрағасының орынбасары Д.Назарбаева басқарады. Мұнан бөлек, комиссия құрамына шетелдік консультант ретінде «Назарбаев Университеті» АБҰ президенті Ш.Катцу кіріп отыр. Ел өңірлерінде де бірен-саран тағайындау орын алды. Атап айтқанда, Құлышева Гүлнәр Ержейқызы Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Гүлнәр Ержейқызы 1972 жылы дүниеге келген, Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітірген. Медицина ғылымдарының кандидаты. Өзінің қызметтік еңбек жолын 1995 жылы Жезқазған облысының Жезді аудандық ауруханасының инфекционист-дәрігер ретінде бастаған. Денсаулық сақтау саласында көп жыл еңбек еткен. 2003 жылдың тамыз айынан 2004 жылдың ақпан айына дейін - Ақмола облысының Қызыл Жарты ай қоғамында дәрігерлік бағдарламалардың үйлестірушісі, 2004 жылдың ақпан айынан 2010 жылдың қаңтар айына дейін Ақмола облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының басшысы қызметтерін атқарған. Тағайындалуға дейін «Астана қаласының мамандандырылған сәбилер үйі» ММ бас дәрігері болып еңбек еткен. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының да басшысы ауысты. Бұл қызметке Ерлан Тоқтарұлы Масалимов келді. Ол 1965 жылы туған, білімі жоғары, 1990 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» және 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1988 жылы Семей қаласында жедел медициналық жәрдем көрсету фельдшері болып бастаған. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде басқарма бастығы, 2006-2009 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау департаментінің бөлім бастығы, Өскемен қаласының денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы, 2009-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры, 2010-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы, 2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті директорының орынбасары, 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарған. Ал Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінде бірқатар кадрлық алмасулар орын алды. Атап айтқанда, Қарағанды қалалық ТЖБ бастығы болып бұдан бұрын Балқаш қалалық ТЖБ-ны басқарған өртке қарсы қызмет полковнигі Азамат Балмағамбетов тағайындалды. Өз кезегінде, Балқаш қалалық ТЖБ бастығы болып бұдан бұрын Абай аудандық ТЖБ-ны басқарған өртке қарсы қызмет подполковнигі Алексей Баринов кірісті. Ал Абай ауданына Саран қалалық ТЖБ басқарған өртке қарсы қызмет майоры Бауыржан Хабдулин бастық болып келді. Соңғы тағайындау, «KEGOC» АҚ акционерлері жылдық жалпы жиналысында компания директорлар кеңесінің төрағасы болып Қуаныш Бектеміров сайланды. Қ. Бектеміров 1970 жылы Алматы облысында туылған. Түрлі кезеңдерде «Астанаэнергосбыт» ЖШС бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, «Қазгидромет» РММ бас директорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
11:12, 02 Мамыр 2015
ҚР Президентінің Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулары
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Нұрсұлтан Назарбаевтың қайта ҚР Президенті болып сайлануына байланысты өкілеттігін доғарған ҚР Үкіметі қайта жасақталды. Министрлер кабинетінде еш өзгеріс жоқ.