«Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 27 тамыздағы № 371 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ
2012 жылғы 27 тамызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа (бұдан әрі - Жарлық) қол қойды.
Жарлықпен Қазақстан Республикасы Президентінің бірқатар жарлықтарына, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы №827, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 4 наурыздағы №931 және т.б. жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Тұтастай алғанда Жарлық елдің қолданыстағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің (бұдан әрі - МЖЖ) тиімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, Жарлық:
МЖЖ нормаларын Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексі ережелеріне, Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» № 67 Жарлығына сәйкестендіруді;
МЖЖ құжаттарын орындау барысы туралы есептілік санын оңтайландыру, сонымен қатар оларды ұсыну мерзімін үйлестіруді;
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, мониторингілеу және іске асыруды бақылау тәртібін регламенттеуді;
МЖЖ жекелеген құжаттарының құрылымын жетілдіруді;
МЖЖ құжаттарының орындалуын бақылауды регламенттеуді;
МЖЖ құжаттарын іске асырудың нәтижелілігіне және тиімділігіне деген жауапкершілікті кеңейтуді;
стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына мониторинг және бағалау жүргізу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі қорытындыларының мазмұнына талаптар белгілеуді көздейді.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің
Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы